Жаңалықтар
Бұл жолғы дәрісіміз келешектегі нағыз өз мамандарына арналғандай.
Бүгін “Ғылыми қызмет және ескерткіштерді қорғау” бөлімінің ғылыми қызметкері Гүлмарал Үшкемпірқызы М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің “Тарих” мамандығының 2 курс студенттеріне “Дәуітбек кесенесі” жайлы лекция оқып, тарихи ескерткіштің құндылығы жайлы көп ақпарат берді.
Тараз қаласының орталығындағы кесене моңғол елінің әскербасысы, түрік Ұлы Білге Икбалхан Дәуітбектің қабірі басына салынған. Аңыз бойынша атақты қолбасшы шайқаста қаза тауып, осында жерленген.
Дәріс сабағына ф.ғ.к, доцент Зәуре Сағыбай қатысып, мұндай ел көлеміндегі тарихтың студенттерге өте құнды екенін айтты. Сондай-ақ дәріс өткізуші әріптесіміз Гүлмарал Үшкемпірқызына өз алғысын айтты.
«Ежелгі Тараз ескеркіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» мекемесінің дәріс-сабақтары жалғасуда. Бүгін ұжымдағы ғылыми бөлімнің қызметкері Ақдидар Кәрібекова М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде болып, «Киелі Тараз жерінің тарихи куәгері – Қарахан кесенесі» сабақ өткізді. Арнайы дәріске «Тарих» мамандығының екінші курс студенттері қатысқан болатын.
Сабақ барысында өңірдегі ең сәулетті ескерткіштің бірі саналатын Қарахан кесенесі жайында кең мағлұмат берілді. Тарихи тұлға өмір сүрген кезең туралы айтылып, ХІ ғасырдан бері қарай сүйегі сақталған ескерткіштің қайта жаңартылуы, бүгінге дейін мұндай төл жәдігерімізді қорғау, күтіп-ұстауда қандай жұмыстар атқарылғаны жайлы да сөз қозғалды.
Сабақ соңы сұрақ-жауап алмасумен аяқталды.
Бүгін «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» ғылыми бөлімінің қызметкерлері Кәрібекова Ақдидар, Гүлмарал Қамбар М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде студенттерге дәріс өткізді. «Журналистика» және «Тарих» мамандығында оқитын бірінші курс білімгерін қамтыған қос сабақтың тақырыбы өте қызық. Біріншісі – «Көне Тараз; өткені мен бүгіні» деп аталса, екіншісі – «Жүніс байдан қалған монша» деген атаумен шәкірттердің алдында оқылды.
Гүлмарал Үшкемпірқызы оқыған тақырыптағы ортағасырлық ескерткіштердің бізге дейін жетуі, өзіндік боямасыз тарихы, бұрын айтылмаған тың деректер алғашқы курсқа келген студенттерді таң қалдырып отыр. Өйткені, сабақ барысында сұрақтар да көп қойылып, тақырып аясы кең түрде талданған болатын. Ал Ақдидар Жәнібекқызы оқыған дәрісте, жалпы мақсат – Көне Тараз қаласының тарихи даму кезеңдерін қарастырып, оның мәдени және экономикалық маңызын ашу. Сонымен қатар, сабақта қала өркениетінің өткені мен бүгінгі жағдайын салыстырылып, тарихи мұраның сақталуы мен зерттеу қажеттілігі айтылады. Яғни дәріс тыңдаушыларды тарихи білім беру арқылы өткен мұрамызды қадір тұтуға шақырады.
Айта кетейік, аталған сабақ барысында университеттің аға оқытушысы Ақнұр Көбесова студенттердің алдағы уақытта біздің мекемеде іс-тәжірибеден өтуге өз ұсынысын білдірді.
«Ежелгі Тараз Ескерткіштері» кәсіпорнының басшысы Берік Жүсіповтың қызмет барысындағы, соның ішінде тазалыққа қатысты жалғыз ғана ұраны: қызмет орның, жұмыс жасайтын жерің, көпшілік келетін нысан жеке үйіңнен де таза болуы тиіс. Басшы мұны айтып қана қоймайды, өзі соған жаз демей, қыс демей бел шешіп кіріседі. Міне, біздің биылғы жаңа жыл тағы да осындай, қазабат жұмыстар қатарымен басталды. Бүгін Қарахан кесенесінде сондай, жоспарлы тазалық жұмыстар қатары жүргізіліп, жабдықталған көлік құралдары іске қосылып, үлкен арықтардың бойы көп жылғы қоқыстан тазартылды. Аумақ үлкен, шалқып жатыр — 3,7 гектар, ал жұмыс қолы тапшы. Әулиелі жердегі осындай жұмыстарға өз техникаларымен, жұмысшылармен келіп, қолқабыс жасаймын дейтін мекемелер, ерікті азаматтар болса, қой демейміз.
Бәлкім кейбіреулер ойлап отырған шығар, «Бұл не деген шет-шегі жоқ таусылмайтын күресін?» деп. Иә, оның таусылмайтын себебі бар. Мұның жиналғанына берісі бес-алты жыл, тіпті әрісі он, он бес жыл болуы мүмкін, егер одан әрірек болмаса. Анығын ешкім білмейді. Кәсіпорынға қатысты заңдастыру жұмыстарын біршама жолға қойып, шаруаларын бірыңғайлап алған басшы жаңа жылда тың қарқынмен іске кірісіп кетті. Осы жұмысқа бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болып кірісіп кеткен кәсіпорын қызметкерлеріне іске сәт дейміз. Бір нәрсені өкінішпен айтуымыз керек: осының дені Қарахан кесенесі айналасындағы кейбір тұрғындардың, түн қараңғысын пайдаланып әкеліп тастап кеткен қоқыстары. Құрметті тұрғындар, сіздерден үлкен өтініш: әулиелі аумаққа ерекше құрметпен қарағыздар, біздің мекеменің жұмысшыларының еңбегін бағалаңыздар, тазалық сақтаңыздар!
13 Ақпан 2025
485